АСТАНА, ҚАЗАҚСТАН (2023 жылғы 9 маусым) — Азия даму банкі (АДБ) Қазақстанға өзінің климат бойынша міндеттемелерін инвестицияларды қолдауға түрлендіріп, жаһандық климатты қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі, деп айтты Банк Президенті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен осы аптадағы кездесуінде.

АДБ Президенті Масацугу Асакава өзінің елге алғашқы ресми сапарында: «Климаттың өзгеруімен күресті қаржыландыруға Қазақстанның айтарлықтай қажеттіліктері бар екені, соның ішінде жеке сектор инвестицияларын тарту қажеттігі бізге мәлім», - деді. «Біз климаттың өзгеруімен күреске Қазақстанның инвестициялар жұмылдыруын қолдауды оның климаттық мақсаттарына сәйкес жалғастыра береміз».

Ақпан айында Президент Тоқаев Қазақстанның ұзақ мерзімді декарбонизация стратегиясын мақұлдаған болатын. Аталмыш стратегияға сәйкес Үкімет 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті.

Астана халықаралық форумында сөз сөйлеген кезінде, Асакава мырза қайта жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалану қажет екенін және елдердің өсіп жатқан халқының қажеттіліктерін қолжетімді бағамен және көміртегіні азырақ көлемде шығара отырып өтеуге жәрдемдесу әлеуетін ерекше атап өтті. «Мұны істеу оңайға соқпайды, бірақ біз қазірден-ақ әрекет жасауымыз керек», — деді ол.

Сондай-ақ АДБ Президенті Алматы қаласындағы жылу электр орталығын жаңғыртуға қарыз туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты. Жоба Қазақстанның ең ірі қаласындағы ауаға шығарылатын көміртегіні айтарлықтай азайтып, ауа сапасын жақсартады, сондай-ақ оның тұрғындарына үйлерін қыстағы суықта да жылыта беруге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

Сапар барысында Асакава мырза премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярмен, ұлттық экономика министрі және АДБ басқарушысы Әлібек Қуантыровпен және басқа лауазымды тұлғалармен де кездесті. Олар банктің Орталық Азия мемлекетімен 30 жыл дерлік әріптестігін әрі қарай нығайтудың жолдарын талқылады.

Өткен айда АДБ мынадай үш стратегиялық басымдықты мәселені шешуге бағытталған Қазақстанмен әріптестіктің жаңа 5 жылдық стратегиясын іске асыруға кірісті: климат өзгеруінің салдарын еңсеру және экономиканы декарбонизациялау, инклюзивті экономикалық өсімге септесу және басқару жүйесін нығайту.

Асакава мырза Білім және тәжірибе алмасу бағдарламасына (БТАБ) қосымша келісімге қол қою рәсіміне қатысты. АДБ мен Қазақстан Үкіметінің теңдей үлеспен бірлесіп қаржыландыруымен және бірлесіп басқаруымен 3 млн АҚШ доллары көлеміндегі БТАБ-ның жаңа фазасының қаражаты басымдық беріліп отырған әлеуметтік-экономикалық зерттеулерді қаржыландыру және әлеуетті дамыту үшін жұмсалатын болады.

Кеше Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында АДБ президенті елдің инклюзивті және тұрақты дамуы үшін цифрлық технологиялардың маңыздылығын айтты. Сонымен қатар ол АДБ қолдайтын Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының бенефициарларымен кездеседі.

Қазақстан 1994 жылы АДБ мүшесі болды. Сол сәттен бері мемлекеттік және жеке секторлардағы жобалар үшін бөлінген АДБ қаражатының көлемі техникалық көмек жобаларын қаржыландыруға арналған қарыздар мен гранттар түрінде 6 млрд астам АҚШ долларын құрайды. Орталық Азиялық аймақтық экономикалық ынтымақтастық (ОААЭЫ) бағдарламасы аясындағы аймақтық ынтымақтастық және интеграция бастамалары – әлі де Қазақстандағы АДБ операцияларының ажырамас бөлігі. 

АДБ Азия-Тынық мұхит аймағының гүлденуіне, инклюзивтігіне, өміршеңдігіне және тұрақтылығына қол жеткізу мақсатына берік, сонымен бірге өзінің ең төмен деңгейдегі кедейлікті жою жұмыстарын жалғастыруда. АДБ 1966 жылы құрылған. Оның акционерлері – 68 ел, оның ішінде 49 ел аймақта орналасқан.

Media Contact